«NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНДА ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТТІ
Қызылорда облысының әкімі, "Nur Otan" партиясы облыстық филиалының төрағасы Қырымбек Көшербаевтың қабылдауына 5 азамат жазылған.
Аймақ басшысы қоғамдық қабылдауға келгендердің сұрақтары мен мәселелерін тыңдап, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.
Мәселен, қала тұрғыны, 2-топтағы мүгедек Бақытбек Бекбасаров өзі тұратын Н. Ергешбаев көшесі маңынан балалар футбол алаңын салу жөнінде өтініш білдірді. Қала әкімі орынбасарының ақпараты бойынша, 1 санаттағы алаң құрылысына ақшалай қаражат бөлінген, қазір мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп жатыр. Содан кейін алаң салынатын болады.
Қармақшы ауданы, Жосалы кенті тұрғыны "Дене шынықтыру және спорт" мамандығының түлегі, жалғызбасты ана Арайлым Бисемұратова жұмысқа орналасуға көмек сұрады. Облыс әкімі Арайлымды келесі оқу жылында жұмысқа орналастыруды аудан әкіміне тапсырды.
Қала маңындағы Қызылжарма ауылының тұрғыны, зейнеткер Зибагүл Дүйсенбаева бірнеше жыл бұрын арықтарына  аяқ су жақсы келіп тұрғанын,   қазіргі таңда, үлкен арық қоқысқа толы болу себебінен аяқ су келмейтінін және жол,  көшені жарықпен қамтамасыз ету   мәселесін шешіп беруге ықпал жасалуын сұрады. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының ақпараты бойынша, ауылды суармалы сумен қамтамасыз ететін "Хозцентр" каналы көтеріліп, сумен қамтамасыз ету қалпына келтірілетін болады. Басқа да коммуникацияларға келер болсақ, Қызылорда қаласының Бас жоспарына сәйкес, Қызылжарма ауылдық округінің 3, 4 шағын ауданы қала құрамына енгізіліп, тұрғындардың коммуналдық мәселелері кезең-кезеңімен  шешімін табады.
Ақай ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Жақсылық Қыпшақбайұлы Төретам және Ақай елдімекендеріне табиғи газ жүргізу бойынша өтінішін жеткізді. Жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп жатыр.
Сонымен қатар, Шиелі ауданының тұрғыны, 6 баланың анасы Индира Нұртаева аймақ басшысының  қабылдауында болды. Оның 2003 жылы дүниеге келген қызы Талшыннан энцефалопатия, аденома гипофиз анықталған. Оны емдеуге квота қажет, алайда бірінші жартыжылдыққа бөлінген тегін емделуге арналған квота біткен. Аймақ басшысы бұл мәселе Денсаулық сақтау министрлігінде ерекше тәртіппен шешім табатынын атап өтті.
Теги: 

©  ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ

Барлық құқықтар қорғалған және сақталған.

Сайттан мәлімет қолданған жағдайда түпнұсқаға сілтеме болуы міндетті

Яндекс.Метрика