ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫС БРИГАДАЛАРЫ АЙ СОҢЫНА ДЕЙІН АРЫС ҚАЛАСЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАРЫН АЯҚТАЙДЫ
Бүгінгі күнге 145 үйдің жөндеу жұмыстары аяқталып, 102 үй қалпына келтірілуде және  6 үйдің жөндеу жұмыстары басталды.
Арыс қаласында орналасқан тұрғын үйлердің Қызылорда облысына тиесілі №6 аумақта 14 көше барлығы 254 жеке тұрғын үй, 5 әлеуметтік және 10 коммерциялық нысан  орналасқан.
"Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстары  аймақтар арасында 17 секторға бөлінген, №6 учаске Қызылорда облысына бекітілген – мұнда  254 жеке тұрғын үй, олардың бірі толық қалпына келтіруді талап етеді және  15 нысан орналасқан. Жөндеу жұмыстарын жүргізуге біздің облыстың 20 құрылыс компаниясы жұмылдырылған,  барлығы 186 адам  жұмыс істеуде. Шілде айының соңына дейін барлық жұмыстарды аяқтауды жоспарлап отырмыз", - деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұхамедиса Әлсеріков.
Естеріңізге сала кетейік, облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов Арыс қаласында Сыр өңіріне бөлінген нысандарды жөндеу жұмыстарымен танысып қайтқан еді.
Сондай-ақ, 2019 жылдың 9-18 тамыз аралығында Арыс қаласынан 150 бала Қызылорда облыстық білім басқармасының "Облыстық олимпиадалар мен қосымша білім беру орталығында" тегін демалады. Балалар үшін психологиялық тренингтер, тауға экскурсиялар, түрлі үйірмелер ұйымдастырылады.
2800 астам мемлекеттік қызметші, бюджеттен қаржыландырылатын мекемелер, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар, кәсіпорындар, акционерлік қоғамдар мен серіктестіктер, шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер мен меценаттар қаржылай  көмегін көрсетті.
Мәселен, «Аралтұз» АҚ Арыс қаласының тұрғындарына өз қаражаты есебінен бір күндік жалақы қорынан материалдық көмек көрсетті. Сонымен қатар, зауыттың 500-ден астам қызметкері «Аралтұз» АҚ басшылығының бастамасына қолдау білдірді және зардап шеккен тұрғындарына көмек көрсету үшін бір күндік табысын қосымша қорға аударды.
«Біздің кәсіпорын да әлеуметтік жауапкершілікті сезіне отырып, барлық қазақстандықтар үшін қиын кезеңде отандастарымызға қолдау көрсетуді жөн санайды», - деді «Аралтұз» АҚ президенті Айдынбек Тауасаров.
 

©  ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ

Барлық құқықтар қорғалған және сақталған.

Сайттан мәлімет қолданған жағдайда түпнұсқаға сілтеме болуы міндетті

Яндекс.Метрика