Қызылорда облысының мемлекеттік архиві қорынан
 
«Тарихтан тағылым-өткенге тағзым»
«Өткендердің қадірін білу, олардың арман-мүдделерін жалғастыру – адамгершілік парыз ғана емес, қоғамдық дамудың, ілгері басудың негізгі алғышарттарының бірі»
Н.Ә.Назарбаев
1930 – 1940 жылдар мемлекеттер арасында әлемдік аренадағы саяси басымдық үшін қатулы күрестің шарықтау шегі болды. Осы мақсатқа жетуде КСРО-ның өз халқына, шет аймақтағы бодан халықтарға қатысты саясаты ізгіліктің барлық шектерінен шығып кетті. 
Кең алқапты, елі малға, жері пайдалы қазбаға толы Қазақстан айрықша зардап шекті. Қасірет орны толмас шығынға батырған көшпелі қазақтардың ауыл шаруашылығын саяси-экономикалық қайта жаңартудан басталды. Бұл шара мемлекеттің ғасырлар бойы қалыптасқан көшпелі мал шаруашылығын қысқа мерзімде шаруашылықтың басқа түріне ауыстыруға мүмкіншілігі жоқ жағдайда жасалды және ол әкімшілдік-әміршілдік әдіспен жүргізілді. Бұл жүйеге қарсы шыққандар қатаң жазаланды, түрмелерге жабылды, туған жерінен айдалды, кейде сот үкімінсіз атылып жатты. 
Ашаршылықтан әлсіреп, рухы жаншылған қазақ халқы ізгілік пен адамгершілік құндылықтарын жоғалтпады. 
31 мамыр қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Қызылорда облысының мемлекеттік архивінің қоры құжаттарынан «Тарихтан тағылым-өткенге тағзым» тақырыбында көрме дайындалды. 
Көрменің мақсаты  жаппай қуғын-сүргін мен ашаршылық тарихының қасіретті беттерінен тұратын архив құжаттарын көпшілікке таныстыру, жазықсыз жапа шеккен ұлт жанашырларын құрметтеу, жас ұрпақты патриоттыққа баулу. 
Көрме 4 бөлімнен тұрады:«Бетбұрыстан озбырлыққа» бөлімінде тәркілеу науқанын өткізу жайлы шешім, бай шаруашылықтарды тәркілеу және байларды жер аудару бойынша уәкілдер тағайындау туралы округтік комиссия мәжілісінің хаттамасы, Қызылорда округіндегі аудандар бойынша жартылай феодал байлардан тәркіленген мал саны жайлы мәлімет, Қызылорда округі бойынша тәркілеуге жататын шаруашылықтар тізімі, Қызылорда округі бойынша тәркілеу комиссиясының, байлардың мал-мүлкін тәркілеу бойынша Қызылорда округі атқару комитеті президиумының,  Қызылорда ауданы бойынша малдарының есебін алу туралы хаттамалары,  байлар мен кулактардан тәркіленген мүліктерді пайдалану тәртібі туралы Орталық атқару комитеті президиумының №5 хаттамасының көшірмесі,орташа байлардың тәркіленген малын қайтару туралы мәліметтер және т.б. құжаттар қамтылды. 
«Елсіз дала» бөлімінде алғашқы нан карточкасын енгізу қорытындысы туралы хаттама, Қызылорда қалалық Кеңесі президиумы мәжілісінің қала бойынша балалар үйлерінің  санитарлық жағдайын қалыпқа келтіру және  азық-түлікпен қамтамасыз ету туралы қаулысы, Ұн-нан өнімдерін алыпсатарлықпен күрес туралы, балалар ауруханасындағы балалар өлімі және ауру балалар туралы мәлімет, Қызылорда ауданы бойынша панасыз  балалар тізімі және т.б. құжаттар енгізілген.
«Қазақ даласында тоғысу» бөлімінде  Қызылорда облысында жер аударылған кәріс шаруашылықтарын орналастыру туралы қаулы, жер аударылған немістерді қабылдау, орналастыру жұмыстарына қаржы бөлу туралы, жер аударылған шешендердің балаларына арналған балалар үйін ашу туралы шешім, Қызылорда станциясы арқылы өтетін арнайы жер аударылғандар мінген 90 эшелонды күтіп алу туралы хабарлама, жер аударылған шешендерге азық-түлік бөлу туралы өкім,  жер аударылған гректердің тұрмыс жағдайын жақсарту шаралары туралы шешім және т.б деректер қамтылған. 
«Сананы билеу» бөлімінде Сыр өңірінің қоғам қайраткерлері Мұстафа Шоқай, Бегайдар Аралбаев, Сұлтанбек Қожанов, Темірбек Жүргенов, Темір Камалов, Абу Құдабаевтардың жеке тектік құжаттары, жазықсыз жазаланған азаматтардың айыптау ісін тоқтату туралы қаулылары, қазақ зиялыларын ақтау туралы анықтамалар, саяси қуғын-сүргін құрбандарын мәңгілік есте сақтау туралы шешім және т.б. құжаттар іріктеліп қойылды. 
Құрылған күні: 30-05-2019 11:12
Жаңартылған күні: 30-05-2019 11:40

©  ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ

Барлық құқықтар қорғалған және сақталған.

Сайттан мәлімет қолданған жағдайда түпнұсқаға сілтеме болуы міндетті

Яндекс.Метрика